Солтүстік Қазақстан облысында су тасқыны қаупіне қарсы дайындық күшейтілді. Өңір жетекшісі Ғауез Торсанұлы Бескөл ауылына барып, қорғаныс бөгетінің құрылысын тексерді. Биыл облыста 100-ден астам елді мекенге су басу қаупі төніп тұр.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов болуы мүмкін су тасқынына дайындық жұмыстарымен танысты. Өңір жетекшісі Бескөл ауылына барып, мұндағы салынып жатқан бөгеттің сапасын тексерді. Елді мекендегі қорғаныс үйіндісінің ұзындығы 6 км-ге жуықтайды. Маңызды жұмыспен "Құрылыс Сервис СК" серіктестігі айналысуда. Қазіргі таңда мамандар бөгетке бетон плиталарын төсеп жатыр.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Биыл облыстағы 100-ден астам елді мекенге тасқын қаупі төніп тұр. Осыған байланысты аймақта 2223 адам мен 1428 техникадан тұратын жедел топ жасақталды. 549 мың құм толтырылған қап дайындалды. Сонымен қатар, 300-ге жуық уақытша тұрақ әзірленді. Облыс әкімі Бескөл ауылында жедел топтың дайындығын тексеріп, болуы мүмкін апатқа тас-түйін дайын болуларын сұрады.
Кейін Бескөл аудандық әкімдігінде су тасқыны кезеңіне дайындық жөніндегі кеңес өтті. Алқалы жиынға Петропавл қаласы мен Қызылжар, Мамлют және Жамбыл аудандарының әкімдері қатысты. Шаһар басшысы Серік Мұхамедиевтің сөзінше, Ойқала ықшам ауданы мен Былғары зауыты кентіндегі бөгеттерге бетон плиталарын төсеу жұмыстары аяқталуға жақын. Маңызды істерге 5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.
СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Ал Қызылжар ауданында болса 20-ға жуық елді мекенді су басуы мүмкін. Басшысы Бейбіт Исмановтың сөзінше, аудандағы 13 ауылға апатты болдырмау үшін ұзындығы 19 шақырымды құрайтын қорғаныс үйіндісі салынды. Жарылыс жұмыстарын жүргізу үшін 13 учаске белгіленген.
БЕЙБІТ ИСМАНОВ, ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:
Алда қауырт кезең келе жатыр. Облыс әкімі жауапты мамандарға тасқынға жүрдім-бардым дайындалуға болмайтынын айтты. Сондай-ақ, тұрғындардың амандығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты міндет екенін жеткізді.