Ішкі істер министрінің орынбасары Солтүстік Қазақстан облысының полицейлерімен кездесті. Полиция генерал-майоры Айдар Сайтбеков облыстық полиция департаментінің жеке құрамымен жұмыс кеңесін өткізді. Іс-шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов қатысты. Кездесу барысында жеке құрамға Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің жаңа бастығы — полиция полковнигі Абай Жүсіпов таныстырылды. Бұған дейін ол Ақтөбе облысының полиция департаментін басқарған.
Айдар Сайтбеков қызметкерлерге Мемлекет басшысының мақаласында және Ішкі істер министрлігінің екі мың жиырма бес жылдың қорытындысы бойынша өткен алқа отырысында белгіленген ел басшылығы мен ведомство талаптарын жеткізді. Министрдің орынбасары ішкі істер органдары қызметінің барлық бағыттарына — патрульдік полиция арқылы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуден бастап, киберқылмысқа қарсы іс-қимылға, медиакеңістіктегі жұмысқа және қоғамда «Заң мен тәртіп» идеологиясын кезең-кезеңімен енгізуге дейін ерекше назар аударды. Сонымен қатар Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолданудың маңыздылығы атап өтілді. Дрондар жол қозғалысы қағидаларын және әкімшілік құқықбұзушылықтарды алдын алу мен анықтауда, сондай-ақ қылмыстарды ашу барысында пайдаланылуы тиіс. Министр орынбасарының айтуынша, квадрокоптерлерді тек арнайы дайындықтан өткен қызметкерлер ғана емес, басшылар да техникалық мүмкіндіктерін түсініп, қажет болған жағдайда қызметтік мақсатта қолдана білуі керек. Айдар Сайтбеков алкогольден бас тартқан ауылдарды қолдауды жандандыру, сондай-ақ «Жас сақшы» сыныптарының желісін кеңейту қажеттігін атап өтті. Полиция жеке құрамындағы тәртіп мәселелері бойынша Ішкі істер министрлігінің қағидатты ұстанымы да ерекше белгіленді. Кездесу қорытындысы бойынша министрдің орынбасары департамент басшылығына нақты тапсырмалар беріп, жаңа басшыға халық пен мемлекет игілігі жолындағы қызметіне табыс тіледі.