Қыс қаһарына мініп, қаланы ақ ұлпаға орады. Көшелердегі қалың қар, сергітетін таза ауа, терезелерден жарқырап көрінетін жаңа жылдық шамдар мерекелік көңіл күй сыйлайды. Сыртта аяз болса да, бұл үйде отыруға сылтау емес. Өйткені қыс – қозғалысқа және көңілді сәттерге толы мезгіл.
Қар жамылған жер, бет қаратпас аязды сейілтетін таза ауа, аяқ астында сықырлаған қар. Балалармен бірге аққала жасауға, коньки тебуге немесе шаңғыға тұрып, шат күлкімен сырғанақтан түсуге таптырмас шақ. Қала тұрғындары да қыстың қызығын осылай көреді.
Қыс мезгілінде де белсенді демалыс түрлері аз емес. Қимыл-қозғалыс пен таза ауа – сергектіктің кепілі. Коньки тебу – қысқы демалыстың ең кең тараған әрі сүйікті түрлерінің бірі. Ол белсенді қозғалыс пен денсаулыққа пайдалы жаттығуды қатар ұсынады: тепе-теңдікті жақсартып, бұлшық еттерді шынықтырады, иммунитетті күшейтеді.
Биыл Петропавл қаласы жаңа жылдық безендірілуімен көпшілікті қуантты. Қала көшелерінде мерекелік атмосфера сезіледі. Алда бірнеше мерекелік демалыс күндері бар. Оны мазмұнды, пайдалы әрі көтеріңкі көңіл күймен өткізіңіздер.