Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментіде Петропавл қаласындағы мектептердің «Жас сақшы» сыныптарының оқушыларына жаңа жылдық іс-шара ұйымдастырылды.
«Жас сақшы» сыныптарының оқушылары полиция ведомствосының табалдырығын алғаш рет аттап отырған жоқ. Алайда бұл жолы мақсаттары – танымдық экскурсия да, профилактикалық іс-шараға қатысу да емес. Құқық қорғау органдары қызметкерлері ұл-қыздарды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады. Облыста «Жас сақшы» бағытындағы төрт сынып құрылған. Оқушылар заңнаманы меңгеріп, дайындықтан өтеді, полиция қызметінің түрлі қырларымен танысады.
Жобаны іске асыруға белсенді атсалысқаны үшін «полицейлік сыныптар» бар мектептердің директорлары мен олардың орынбасарлары алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Ал оқушыларға тәттілер ұсынылды.
«Жас сақшы» сыныптары – құқық қорғау органдары үшін кадрларды мектеп қабырғасынан даярлау жобасы. Сонымен қатар бұл – өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге және Заң мен Тәртіп идеологиясын қалыптастыруға қосылған маңызды үлес.