Республикалық, халықаралық айтыстардың жүлдегері, Ерік Асқаров атындағы облыстық жас ақындар мектебінің жетекшісі, халықаралық айтыс ақындарымен жыр термешілер одағының Солтүстік Қазақстан облысы филиалының төрағасы, Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі, ақын Жарқын Жұпарханнның «Шабыттың шаңқай түсінде» атты кітабы, алғашқы айтыстар жинағы жарық көрді. Кітаптың тұсау кесері «Қызылжарым - Қызыр бағым» атты ақынның шығармашылық кешінде өткен болатын.

«Шабыттың шаңқай түсінде» атты кітаптың таныстырылымына студенттер, Жарқын Жұпарханның ұстаздары, шәкірттері қатысты. Ол Қызылжар өңірінде айтыс өнерінің дамуына үлес қосқан айтулы азамат. Айтыс сахнасында жүргеніне жиырма жылдың жүзі болған. СҚО құрметті азаматы Жарасбай Сүлейменов бүгінгі өтіп жатқан іс-шараны облыстың мәдени өміріндегі ерекше оқиға деп бағалайтынын айтты.

СНХ: ЖАРАСБАЙ СҮЛЕЙМЕНОВ, ЖАЗУШЫ-ЖУРНАЛИСТ


«Шабыттың шаңқай түсінде» кітабын кәсіпкер, руханият жанашыры, ақынның досы Ғабдулғапар Жапарұлы Жарқын Жұпарханның 20 жылдық есеп беру кешіне баспадан шығарып, тарту еткен болатын. Қазіргі таңда кітаптың 300 данысы бар. 200 беттен тұратын жинақта ақынның айтысқан айтыстары мен поэзиялары жазылған.

СНХ: ЖАРҚЫН ЖҰПАРХАН, ҚР МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІГІ


Айта кетейік, 2026 жылы Жарқын Жұпарханның жеке шығармашылық кеші мен кібатының таныстырылымы М.Қозыбаев университетінде өтетін болады. Сондай ақ, бұл іс-шаралар Қызылжар ауданында да жалғасын таппақ.