Петропавл қаласының тұрғыны Владимир Тимошин ондаған жылдар бойы су шаруашылығында, кәсіподақта қызмет етті. Спортты жанына серік еткен Владимир Михайлович өз ісімен көпшілікке үлгі бола білді. Қазір де қоғамдық істерден шет қалмауға тырысады. Сонымен қатар, өлең жазып, бірнеше жинағын да жарыққа шығарды.


Владимир Тимошин осы айда 90 жасқа келеді. Оның балалық шағы сұм соғыспен тұспа-тұс келді. «Мектепке барып келу үшін күнде 8 шақырым жолды жаяу жүріп өтетінмін, кейде жолда қасқырлар да кезігетін», - деп еске алады зейнеткер. Владимир Тимошин теміржол училищесінде білім алып, электромонтер болып жұмыс істеді. 4 жыл Кеңес Армиясында Отан алдындағы борышын өтеді. Кейін туған жерге қайтып оралып, жұмысқа кіріседі.


ВЛАДИМИР ТИМОШИН, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:

- Облыстық атқару комитетінде ұзақ уақыт бойы инженер-құрылысшы болып жұмыс істедім. Сол кезде Сергеевка қаласында салынып жатқан су торабы құрылысына жетекшілік еттім. Содан кейін 25 жылдан астам "Союзцелинвод" трестінде қызмет еттім.


Владимир Тимошин кәсіподақ жұмысын дамытуға сүбелі үлес қосып, саламатты өмір салтын қалыптастыруға, спартакиадалардың өткізілуіне көп күш жұмсады. Айта кеткен жөн, ол мектеп кезден жеңіл атлетикамен, футболмен белсенді айналысқан. Қазір де Владимир Михайлович ардагерлермен бірге түрлі іс-шараларға қатысады. Зейнетке шыққаннан бері поэзияға көңілі ауып, өлең жазып жүр. Осы уақытқа дейін төрт өлең жинағын шығарған.


1-қазанда елімізде Қарттар күні атап өтіледі. Елде ғасырдан астам ғұмыр кешкен 423 азамат бар. Ең қарт қазақстандық 114 жаста. Ол Ұлытау облысының тұрғыны. Ал, облысымыздағы ең ұзақ өмір сүрген кейуана 107-ге келген.