Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, белгілі журналист Тоқтар Зікіриннің туғанына 75 жыл. Осыған орай, Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «Аппақ қарға ақ өлең жазған» атты еске алу кеші өтті. Оған ақынның туған – туыстары, өңірдің құрметті азаматтары мен жырсүйер қауым қатысты.
Тоқтар Зікірин – Шал ақын ауданы, Балуан ауылының тумасы. Ақын көпке жүрекке жылы тиетін сыршыл да сезімді өлеңдерімен танымал. Тоқтар Нұрахметұлы «Солтүстік Қазақстан» газетінде 25 жылдан астам уақыт жұмыс істеп, журналистика саласына да көп еңбек сіңірді.
ГҮЛМИРА САҒЫНДЫҚОВА, Ғ.МҮСІРЕПОВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР КІТАПХАНАСЫНЫҢ МАМАНЫ:
- Іс-шараның мақсаты- жерлес ақынымыздың шығармаларын өскелең ұрпаққа таныстырып, сол кісінің жолын жалғастыратын ұрпақ сабақтастығы болса дейміз. Ол кісінің өлеңдерінің негізгі тақырыбы – Отанға, Отбасыға, туыс туғанға арналады.
Тоқтар Нұрахметұлы отбасында 3 ағайынды. Қарындасы Әлпе Сапуанованың айтуынша, ағасы көңілі кең, жаны жайсаң азамат болған.
ӘЛПЕ САПУАНОВА, ТОҚТАР ЗІКІРИННІҢ ҚАРЫНДАСЫ:
- Мен үшін ағам өте қарапайым, жуас, ешкімнің ала жібін аттамаған, туыстарына бауырмал, балажан кісі болды. Ұлы мен кісін мәпелеп өсіп жеткізді. Содан немере көрді. Оған қатты қауанып, өмірімнің жалғасы деп аялап жүрді. Өмірнің соңында барлық өлеңдерін балаларына, немерелеріне, туыстарын арнап жүрді. Әрдайым елге деген сағыныш жазып, ауылда адамдардың азайғанына уайымдап жүрді.
Айта кетейік, Тоқтар Зікірин «Өмір өзегі», «Жан шуағы», «Көңіл көкжиектері», «Тіршілік тыныстары», «Бұл бір дәурен» секілді жыр жинақтарын жазып, артына өшпес із қалдырды.