Ел экономикасын дамытудың басым бағыттарының бірі ауылдық аумақтарды көркейту. Ақжар ауданы Горьковское ауылында жеке инвестицияның көмегімен әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту бойынша бірнеше жоба іске асырылды.


Горьковское ауылының 700-ден астам тұрғыны бар. Биыл елді-мекенде минимаркет пен арнайы ұйым кеңсесі бой көтерді. Сондай-ақ оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған 25 отбасыға арнап үй салынды. 18 тұрғын үй қалпына келтірілді. Құрылыс жұмыстарына 2 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды. Елді мекеннің дамуына «Ақ – ниет Агро и К» ЖШС-нің басшысы Марат Шапенов өз қаржысын құйып отыр.


 АЛЕКСАНДР ГЕРЛИЦ, АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ ДЕПУТАТЫ:

- Инвестор ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту, ауыл тұрғындарына көмек көрсету үшін белгілі бір мөлшерде қаржы бөліп отыр. Қазан айының басында ауыл тұрғындарының пайлары үшін төлем жасалды. Сабан әкелінді. Бір сөзбен, ауыл тұрғындары қысқа дайын.


 «Ақ – ниет Агро и К» серіктестігінде 1000-ға жуық ірі қара және 900-ден астам жылқы бар. Фермаға 2 жаңа база салынды. Төртеуі қайта қалпына келтірілді. 600 млн теңгеге 10-нан астам техника сатып алынды. Сонымен қатар, жаңа мешіт пайдалануға берілді. Ауылда спорт алаңы да бой көтерді.


НАЗЫМБЕК ҚАНТАЕВ, ҮЛКЕН ҚАРАОЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

-  Ауыл ішіндегі 1,8 шақырым жолға асфальт төселді. Жоба екі жылға жоспарланған. 2024 жылы аяқталады. Жалпы ауылда жеке кәсіпкердің қолдауымен жақсы өзгерістер бар. Спорт, балалар ойын алаңы салынды.


Сондай-ақ ауылдағы мектеп жөнделмек. Қазір барлық қажетті құжаттар дайын. Білім ордасында 100-ден астам бала оқиды. 15 бала шағын орталыққа барады. 2020 жылы инвестор өз қаражатына оқу орнына арналған қазандықты сатып алған.


БИБІГҮЛ ИСИНА, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:

- Сол жылы ақша бөлініп, күрделі жөндеу жүргізілді. Шатыр ауыстырылып, жарық, жылу жүйесі жаңартылды. Биыл Марат Мұхамедьярұлы күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындауды ұсынды. Қазір жөндеу жұмыстары толық аяқталды.


 «Ақ-Ниет Агро и К» ЖШС 2018 жылы құрылды. Дәнді және бұршақты дақылдарды, соның ішінде тұқым өсірумен айналысады. Бүгінде мұнда 195 адам жұмыс істейді. Орташа жалақы мөлшері 200 мың теңге.


МАРАТ ШАПЕНОВ, «АҚ-НИЕТ АГРО И К» ЖШС БАСШЫСЫ:

- Басында 5000 гектардан бастағанбыз. Қазір 17 мың гектарға дейін апардық. Биыл 17350 гектарға дейін жеткіздік. Оның ішінде арпа, бидай, жүгері бар. Енді жақсы астық алу үшін, жаңа технологияларды қолданып жатырмыз. Биыл 2 млрд 650 млн дай ақша салдық. Оған техника сатып алдық. 


Алда Марат Шапенов ауыл тұрғындары үшін спорт залын салмақ.