Мемлекет басшысы елімізге ресми сапармен келген Израильдің сыртқы істер министрін қабылдады. Кездесуде сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ықпалдастыққа мән берілді. Бірлескен жобаларды іске асыру мәселесі қаралды. Президент Гидеон Саардың Астанаға сапары аясындағы Қазақстан–Израиль бизнес форумын өткізуді қолдады. Бұл инвестициялық серіктестікті кеңейтуге үлес қосарына сенім білдірді. Сыртқы істер министрі Израильдің Қазақстанмен қатынастарды дамытуға мүдделі екенін айтты. Гидеон Саар Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылуын көреген шешім деп бағалады. Бұл қадам тұрақтылық пен бейбітшілікті және халықаралық диалогты одан әрі нығайтуға ықпал ететінін атап өтті. Кездесуде халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер де талқыланды.