Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов азаматтарды қабылдады. Кездесуге Петропавл қаласының әкімі және бейінді басқарма басшылары қатысты. Жеке қабылдау барысында өңір тұрғындары тұрғын үй, Петропавлды абаттандыру, қаладағы сауда орындарының қызмет көрсету сапасы жайында сауалдарын қойды.


АҒЫБАЙ БАЙТОҚОВ, Ғ.Мүсірепов атындағы аудан тұрғыны:

- Мен Ұзынкөл ауылында тұрдым. Бұл елді мекенде адам саны өте аз. Осыған байланысты су да, жол да жоқ. Тұрғындар жұмыс таба алмай отыр.


Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жаңа жылдағы алғашқы қоғамдық қабылдау өткізді. Аймақ басшысына бірінші болып Ғ.Мүсірепов атындағы ауданының тұрғыны Ағыбай Байтоқов жүгінді. Ол өзін болашағы зор ауылға көшіруді сұрайды.


ЕРЛАН ӘДІЛБЕКОВ, Ғ.Мүсірепов атындағы аудан әкімінің міндетін атқарушы:


 Бұл кісі Червонное ауылындағы шаруа қожалығында 20 жыл механизатор болып еңбек етті. Жұмыстан шыққасын аудан орталығындағы элеваторға орн қпаласты. Көп ұзамай шаруа қожалығына қайта оралды. Алайда, 2 күндесін Ағыбай Жұмағұлұлы ұжымнан кету жайлы өтініш жазды. Азаматқа механизатордан бөлек, күзетші, малшы болу ұсынылды. Зайыбына да тауарлы-сүт фермасынан орын табылды. Бірақ, бас тартты.

Мұның өзіндік себебі бар екен. Ағыбай Байтоқов пен зайыбы Червонное ауылында емес, аудан орталығында тұрғысы келеді.


ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

- Аудан сізге Новоишимское ауылынан үй ұсына алмайды. Өзге өңірлерден келген жандар үшін салынған баспаналардың барлығына отбасылар кірді. Сіз облыс ішінде қоныс аударушы ретінде жалдамалы баспана ала аласыз. Қазір Червонное ауылында бос үй бар. Бұл мәселе бойынша Ғ.Мүсірепов ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ерлан Әділбековпен байланыста болуды сұраймын.


Ал петропавлдық Шолпан Бейісова бірнеше мәселемен жүгінді. Оның басым бөлігі облыс орталығын абаттандыруға және шаһар ішінде жолаушы тасымалдайтын қоғамдық көлікке қатысты болды. Қала тұрғыны №25 автобуспен жүреді. Азаматшаның айтуынша, ол өте ескірген.


 СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

- №25 автобус ескірген. 10 автобус жүреді. Көліктерді жаңаларына ауыстыратын боламыз. Тасымалдаушылармен кездестік.


Кездесуде Шолпан Бейісова осыған ұқсас тағы бір мәселені көтерді. Нәзікжанды Петропавлдағы шыны аялдамалардың ауыстырылғанын қалайды.


 ШОЛПАН БЕЙІСОВА, Петропавл тұрғыны:

- Біз СҚО тұрамыз. Шыны аялдамалар қардан да, желден де қорғамайды.


 ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

- Аялдамалардың бірінде орындық бар, екіншісінде жоқ. Қоқыс жәшіктері де табылмай жатады. Барлығын реттеу керек. Бұл іске бизнес өкілдерін тартқан жөн. Көшелерге жабық үлгідегі аялдамаларды қояйық.


Шолпан Бейісова қойын дәптеріне тағы бір мәселені түрте келіпті. Жерлесіміз шаһардағы сауда орындарының қызмет көрсету сапасы төмен екендігін алға тартты. Сатылатын азық-түлік те көңіл көншітпейтін көрінеді.


 ШОЛПАН БЕЙІСОВА, Петропавл тұрғыны:

- Сауда үйіне барып, тоқаш алдым. Пакетті ашып қалсам, ішінен шіркей шықты. Сол жерде өз шағымымды білдірдім.


 ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

- Егер мұндай факті тіркелсе, заң бұзушылық бар деген сөз. Сапасыз әрі бүлінген азық-түлік сатылса, адамдар уланады. Мұндай жағдайда сатушы тарап қылмыстық жауапкершілікке дейін тартылады. Осыны түсіну қажет. Біз азаматтардың шағымы бойынша тиісті шара қабылдау қажетпіз.


Қоғамдық қабылдау барысында Ғауез Нұрмұхамбетов 4 адаммен кездесті. Олардың мәселеріне қатысты өңір жетекшісінен бөлек, Петропавл қаласының әкімі және бейінді басқарма басшылары толыққанды пікір білдірді.