Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында -  премьера. Бұл жолы мұнда Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» пьессасының желісімен «Қарагөз»спектаклі сахналанды.  Қазақ классикасының алтын қорына айналған бұл шығарма көрерменнің назарына қазіргі заманға сай саундрама жанрында қойылды. Қойылымда сыбызғы, қобыз, жетіген секілді аспаптар пайдаланылып, актерлардың ойыны, музыка және пластика бір арнаға тоғыстырылды. Толығырақ тілшіміз баяндайды.

Басты кейіпкерлер Қарагөз бен Сырым бір-біріне ғашық жастар, алайда олардың қосылып, бірге болуларына кедергі бар. Ол-екеуінің туыстық түбірі жеті атаға жетпегендігі, сондықтан ру дәстүрі бойынша бір-бірімен қосылуға болмайды. Сондай-ақ Қарагөз басқа рудың Нарша есімді жігітіне айттырылған.

Спектакль режиссерінің айтуынша аталмыш туындыны көрерменнің назарына тарту үшін театр актерлары, саунд-дизайнер, композитор екі айдай тер төгіп, ерекше дайындық жұмыстарын жүргізіпті. Сондай-ақ айта кеткен жөн сахнада ешбір декорация жоқ, тек шымылдықтың ар жағында музыкалық инструменттердің дыбысы ғана естіледі.

ФАРХАД МОЛДАҒАЛИ, С.МҰҚАНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ САЗДЫ-ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ БАС РЕЖИССЕРІ:

- Бұл пьессаның сонау жылдардан бері екінші нұсқасы қойылып келген. Біз соның бірінші және екінші нұсқасын алып екеуін біріктіру арқылы инсценировка жасап қазіргі заманға сай өркендеп келе жатқан саундрама жанры бойынша қойылып жатыр. Көрерменге жақсы бір тың, ерекше дүние ұсынғымыз келеді. 

Осы кеште рухани азық жинауға келген өнерсүйер қауымның қарасы қалың болды.

- Қазақ театрына келгеніме қуаныштымын, спектакль көнілімізден шықты.

- Мен осы Петропавл қаласына келіп осындай спектакльге келгеніме өте қуанышытымын, Браво нашим артистам.

Басты рөлді сомдаған жас актриса Мадина Өсербаеваның айтуынша, Қарагөздің бейнесін,ішкі жан дүниесін көрерменге жеткізіп, жақсы ойнап шығу оңай іс болған жоқ.

МАДИНА ӨСЕРБАЕВА, С.МҰҚАНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ САЗДЫ-ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ АКТРИСАСЫ:

- Маған Қарагөз рөлі берілді. Өте салмағы ауыр рөл деп білем. Қарагөздің ішкі жан дүниесін толықтай жеткізууге тырыстым деп ойлаймын. Бұл рөлді ойнау үшін мен екі ай дайындалған болатынмын.

Қарагөз сұлу да ақылды қыз, Сырым болса сері, ақын жігіт. Қос ғашықтың бір-біріне деген ғашықтық сезімінің бар болғандығынан басқа қылмыстары жоқ жастар ел алдында, ата дәстүр алдында үлкен ұятқа қалып, жұрттың өсек сөзіне айналады.Трагедияның желісі бойынша Қарагөз Наршаға тұрмысқа шығып Сырыммен қосыла алмай, есінен адасып көз жұмады, ғашығынан айрылған Сырым болса ақын ретінде жаңадан дем тауып, ары қарай күресіп, сергелдеңнің күйін кешіп өмір сүреді.

Майгүл СЕЙІЛБЕК

Тегтер: Петропавл жаңалықтары мен оқиғалары, Солтүстік Қазақстан облысының соңғы жаңалықтары, Петропавлдағы соңғы жаңалықтар, театр, қойылым, "Қарагөз", тұсаукесер