Адамзат тарихындағы ең әділетсіз, адам құқығы тапталған, қанқұйлы және аяусыз мәселе - адам саудасы. Петропавлда осы мәселе жастар арасында талқыланды. «Заң және тәртіп» республикалық бағдарламасы аясында студенттермен кездесу өтті. Іс-шараның мақсаты - адам саудасы, экономикалық қылмыстар және түрлі алаяқтық туралы ақпарат беру.

Жиында полиция қызметкерлері, психолог және прокурорлар сөз сөйлеп, қауіпті жағдайлардың белгілерін, өз құқығын қорғау жолдарын және мұндай қылмыстар үшін қандай жаза күтіп тұрғанын түсіндірді. Мамандар қиын жағдайға тап болғанда дер кезінде көмекке жүгінудің маңызына тоқталды.

АМАНЖОЛ ӘБУОВ, СҚО ПРОКУРАТУРАСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ПРОКУРОРЫ:

Кездесудің негізгі мақсаты жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, кибералаяқтық пен адам саудасының қаупі туралы ескерту, сондай-ақ қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыру. Қатысушыларға интернет арқылы таралатын қылмыстық схемалар туралы да ақпарат айтылды.

ДАМИР АБДИН, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАЛЫҚ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Кездесу еркін форматта өтті. Жастар мамандарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауап алды. Мамандардың айтуынша, қылмыскерлер көбіне осы тақырыптағы білімі аз, әр нәрсеге сенгіш жастарды таңдайды. Сол себепті мұндай кездесулердің маңызы зор.