Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Премьер-министр Сергеев су торабына барды, сондай-ақ Петропавлдағы 1-ші көтергіш сорғы стансасы мен бөгеттің бекінісін реконструкциялау барысын тексерді.

Бұл нысандар елді мекендерді су тасқынынан қорғауда және жергілікті тұрғындарды сумен қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Олжас Бектеновтың жұмыс сапарының мақсаты – Мемлекет басшысының су тасқыны қаупі бар кезеңге дайындық жұмыстарын үйлестіру бойынша берген тапсырмаларының орындалуын бақылау. Гидротехникалық нысандардың жай-күйіне және заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге назар аударылады.

Сергеев су торабы Есіл өзені ағынының негізгі реттеушісі болып саналады. Ол Солтүстік Қазақстан, ішінара Қостанай және Ақмола облыстарын сумен жабдықтайды. Өткен жылғы су тасқыны кезінде Сергеев су торабының төменгі саласындағы топырақты сел шайып кеткен болатын. Петропавл су торабына зақым келген жоқ.

Былтыр Үкімет республикалық бюджеттен гидротехникалық нысандарды ағымдағы жөндеуге және Сергеев пен Петропавл су тораптарында су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізуге 278,5 млн теңге бөлді. Жағалауларды бекіту үшін бұл нысандарға 1,4 мың текше метрден астам ірі кесек тастар әкелінді, Сергеев су құрылысы бөгетіне жақын төменгі саласына түбін тереңдету жұмысы жүргізілді.

«Қазсушар» РМК Солтүстік Қазақстан филиалының директоры Шұғайып Ибатуллин қазіргі уақытта екі су торабы да қанағаттанарлық жағдайда және штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатқанын баяндады. Биыл қосымша 14 іс-шара өткізу жоспарланып отыр.