Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Осыған орай Петропавлдағы мектептердің 9,10 және 11 сынып оқушыларына кәсіби бағдарлау экскурсиясы өткізілді. Жасөспірімдер "Alageum Electric" электротехникалық зауытында болып, кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысты.
Қазіргі таңда елімізде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауды жүзеге асыру міндеті тұр. Жұмысшы мамандықтарды дәріптеу арқылы, қоғамда еңбекқор жандар идеясын қалыптастырып, насихаттау. Өңірде де бұл бағытта бірқатар жұмыс жүргізіліп жатыр. Соның бірі – кәсіптік бағдар беру. Зауытта болған оқушылар трансформаторларды құрастыру кезіндегі күрделі процесті көрді.
ЖАНАТ МҰХАМЕДЖАНОВ, «ӘДІЛДІК ЖӘНЕ ӨРКЕНДЕУ» ҚҚ СҚО ӨКІЛДІГІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:
- Бүгінгі экскурсияға қаладағы 3 мектептің оқушылары қатысып жатыр. Бұл зауытқа балалармен алғаш рет келіп отырмыз. Олар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап ала алды. Және барлық процесті өз көздерімен көріп, бақылай алды. Бұған дейін ірі құрылыс компанияларында, Киров атындағы зауытта, ауруханаларда және тағы басқа мекемелерде болдық.
Айта кету керек, Петропавл электротехникалық зауыты - электр энергетикасы нарығында қызметтердің толық кешенін ұсынатын еліміздің ірі кәсіпорындарының бірі. Былтыр мұнда 5 мыңға жуық трансформатор шығарылды. 2025 жылы бұл көрсеткішті 8 мыңға дейін арттыру жоспарланған. Өндіріс жөніндегі директордың айтуынша, кәсіпорындағы жұмысшының орташа еңбекақысы 400 мың теңгені құрайды.
БЕЙБІТ ИБРАЕВ, "ПЕТРОПАВЛ ЭЛЕКТРОТЕХНИКАЛЫҚ ЗАУЫТЫ" ЖШС ӨНДІРІС ЖӨНІНДЕГІ ДИРЕКТОРЫ:
- Біздің зауытқа мектеп оқушылары алғаш рет келіп тұр. Бірақ колледж бен университет студенттерімен дуалды оқыту жүйесі бар. М.Қозыбаев атындағы университет және Б.Әшімов атындағы колледжбен жұмыс жасаймыз, Негізі өңірде жұмыс істейтін адамдар өте аз. Сондықтан маманға тапшылық бар. Жұмысшылар оңтүстіктен келіп жатады.
Болашақта кәсіптік бағдарлау экскурсиялары жалғасатын болады. Айта кетейік,былтыр мұндай іс-шарамен қаланың 25 кәсіпорны қамтылған.