Петропавлда ӨҢІРДІҢ тарихы мен мәдениетіне қызығушылық танытқан жас зерттеушілердің I облыстық конференциясы өтті. № 32 орта мектепте ұйымдастырылған іс-шарада оқушылар мен мұғалімдер өз жұмыстарын ұсынды.
Жас зерттеушілерге Солтүстік Қазақстанның тарихы мен мәдениеті бойынша жобаларымен бөлісу мүмкіндігі ұсынылды. 8-ші сынып оқушысы Евгений Величко археологияға қызығушылық танытып жүр.
ЕВГЕНИЙ ВЕЛИЧКО, "БЭСТ" ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ОҚУШЫСЫ:
- "Жас археологтар мектебі" тақырыбындағы баяндама туған өлкеміздің киелі жерлерін зерттеуге бағытталған. Мен Қызылжар ауданы Долматово ауылының маңындағы қазба жұмыстарына қатыстым. Біз балық қабыршақтарының, балық сүйектерінің және көмірдің қалдықтары бар темір пешті таптық.
Талқылау алаңында педагогтар мен сарапшылар өзекті тақырыптарды қозғады. Гаухар Ілиясова университетте кафедра меңгерушісі. Оның баяндамасы қазіргі қоғамдағы тарихтың рөлі жайлы.
ГАУХАР ІЛИЯСОВА, KOZYBAYEV UNIVERSITY КАФЕДРАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
- Өткенімізді білу өте маңызды. Тарихымызды ұмытпауымыз керек. Тарих бізге қалай өмір сүру керектігін, не істеу керектігін және ең бастысы өткеннің қателіктерін қайталамауды көрсетеді.
Конференцияға 40-тан астам оқушы мен 27 педагог қатысты. Іс-шара төрт бағытқа бөлінді.
ОЛЬГА ВОЛКОВА, КОНФЕРЕНЦИЯ МОДЕРАТОРЫ:
- Бірінші және екінші секциялар оқушылардың жұмысына арналған, онда балалар облыстың киелі орындары, 18-19 ғасырлардағы мәдени және тарихи даму ерекшеліктері, сондай-ақ облысты одан әрі дамыту тақырыбы бойынша өз баяндамаларын ұсынады. Қатысушылар өңірдің барлық аудандарынан келді. Баяндамалардың 70 пайыздан астамының авторлары аудандық мектептердің оқушылары.
Үздік жобалар дипломдармен марапатталмақ. Бұл өз кезегінде конференция қатысушыларына болашақтағы зерттеулеріне үлкен шабыт бермек.