Петропавлдағы «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылды. Енді мұнда 3 жасқа дейінгі 600 бала ем алады. Орталыққа республикалық бюджеттен 225 млн, ал жергілікті қазынадан 55 млн теңге бөлінген.


 «Қамқорлық» орталығының ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары, акционерлік қоғам және қор демеушілері қатысты. Мекемеге қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға «Қазақстан халқына» және «Қамқорлық» қорлары көмек берген. Бұл орталық «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен іске қосылып отырған 36-шы оңалту орталығы. Жалпы «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры облысымызда 2018 жылдан бері 520 млн теңгеден астам қаражатқа 6 әлеуметтік жобаны іске асырған.


ДОСБОЛ КӨШЕРБАЕВ, «SAMRUK-KAZYNA TRUST» ҚОРЫ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

-  Соңғы үш жылдың ішінде «Самұрық-Қазына» қоры «Samruk-Kazyna Trust» бірыңғай операторы арқылы осындай оңалту орталықтарына  қаржылай көмек беріп жатыр. Соңғы 3 жылда мінекей 37 оңалту орталығы ашылып жатыр. Оның 15-і ерте араласу оңалту орталықтары, 5 аутизмі бар балаларға арналған. Қалған 15-і жалпы оңалту орталығы. 


Бүгінде өңірде мүгедектігі бар 18 жасқа дейінгі 2300-ден астам бала бар. Оларға оңалту қызметі 3 стационар мен амбулаториялық деңгейде 2 жерде көрсетіледі. Енді оңалту жаңадан ашылған ерте араласу орталығында да қолжетімді.


 ИНДИРА ЖӘКЕНОВА, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:

-  Бүгін міне жақсы жаңалық болып жатыр. Перинаталдық орталықта балаларға арналған орын ашылды. Қызыма өте ұнады. Ата-аналарға да жақсы. Осындай орталықтар көптеп ашылса екен.  Қызым 2 жаста. Осындай орталыққа бірінші рет келіп тұрмыз шақыртумен. 


Жаңа орталықта ерекше балалармен невропатологтар, оңалту дәрігерлері, жаттығу терапиясының нұсқаушылары, психологтар, логопедтер және кәсіби терапевттер тобы жұмыс істейді. Алдағы уақытта ерте араласу орталығы Чкаловтада да ашылмақ, онда Тайынша, Уәлиханов пен Ақжар ауданының балалары ем ала алады.