«Таза Қазақстан» экологиялық жобасы аясында Большая Малышка және Тепличное ауылдары қоқыстан тазартылып жатыр. Жалпы, Қызылжар ауданында 1,5 мыңнан астам үй су астында қалды. Қазіргі таңда зардап шеккен барлық тұрғындар 100 АЕК көлеміндегі бірреттік жәрдемақы алды.


Большая Малышка ауылын қоқыстан тазарту жұмыстарына Тайынша ауданының механикалық бригадасы жұмылдырылған. Іске тұрғындар мен мекеме қызметкерлері де белсене кірісті. Тепличное елді мекенінде де жұмыс қызған. Жергілікті тұрғын Қайыргелді Тұғымбаевтың былтыр күзде салған үйі су астында қалды. Азамат қиын сәтте қолдау көрсетіп жатқан жанашыр жандарға алғыс білдірді.


ҚАЙЫРГЕЛДІ ТҰҒЫМБАЕВ, ТЕПЛИЧНОЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ, ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫ:

- Үй салып жатқан құрылыс материалдардың барлығы сумен ағып кетті. Комиссия келіп кетті. Енді нәтижесін тосып отырмыз. Міне бүгін келіп көшемізді тазалап жатыр. Судан құртылған заттарды сыртқа шығарып жатыр. Барлығына рахмет.