Өңірде «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы жалғасып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында бұл іс-шараны «Amanat» партиясы әр бейсенбі сайын ұйымдастырып келеді. Бұл жолы партия белсенділері мен волонтерлер тасқын зақым келтірген «Қызылжар су» ЖШС-нің аумағын қоқыстан тазартты.


Бекзат Латыпова - өңірдегі белсенді жастардың бірі. Оның айтуынша, «табиғатты аялап, қоршаған ортаны таза ұстау- әрбір адамның міндеті».


БЕКЗАТ ЛАТЫПОВА, ««AMANAT» ПАРТИЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ «ЖАСТАР РУХЫ» ЖҚ ТӨРАҒАСЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ:

- Жалпы, осы «таза бейсенбі» акциясының мақсаты- еліміздегі маңызды мәселені көтеру. Әрбір азаматқа, тұрғынға өзіне деген жауапкершелігін арттыруға ұмтылып жатырмыз. Осындай акциялармен достарымыз бен қала тұрғындарына қаланы қоқыстан тазартып, қоқыстан жинап отыру керектігін насихаттай аламыз.


«Қызылжар су» ЖШС-нің аумағын тазартуға 30-дан астам адам және 2 техника жұмылдырылды. Олар айналадағы күл-қоқысты жинап, сынған бұтақтарды отады.


БОЛАТ ДАНИЯРОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ СҚОФ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Өткен жолы осы қаламыздағы ең көп қоқыс жиналған аумақтарды таңдап, карта жасадық. Барлық іс жоспарға сай жүріп жатыр. Бүгін міне, «Қызылжар Су» ЖШС-не келіп қалдық. Қазағым «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп айтады ғой. Осы жерлерді тасқын кезінде су басты. Енді оны тазарту-біздің мақсатымыз.


Айта кетейік, «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы аясында қала бойынша 60 тонна, ал облыс бойынша 105 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Аталмыш іс-шара әр апта сайын ұйымдастырылып, жаз бойы жалғасын табады.