Петропавлда қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және көму тарифі екі есеге қымбаттамақ. Бұған дейін көпқабатты тұрғын үйлерде кісі басына 220 теңге төлеп келген болса, енді ол 480 теңге болмақ. Ал жеке сектордағы тариф – 510 теңгені құраған.


Облыс орталығында қалдықтарды жинау және тасымалдау бойынша қызметтерді төрт ұйым көрсетеді: Олар: " Коммунхоз Петропавловск"," Мюль Сервис "," Коммун Север " және "Таза Петропавл" ЖШС. Бағаның өзгеруіне техниканың тозуы, қосалқы бөлшек пен жағармайға шығынның көп кетуі себеп. Сонымен қатар, мамандар петропавлдықтардың қоқыс шығаратын кәсіпорындарға берешегінің де аз еместігін еске салды. Жалпы қарыз көлемі - 25 млн теңгеге жеткен.