Облыс орталығында «Еңбек адамы – ел мақтанышы» атты республикалық командалық айтыстың екінші айналымы өтті. Дүбірлі додада сахна төрінде Солтүстік Қазақстан облысының және Астана қаласының өнерпаздары мен ақындары бақ сынасты.
Айтыскер-ақындар мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы және «AMANAT» партиясы ұйымдастырған жоба былтыр басталған. Қазақстан бойынша ұйымдастырылған сайысқа барлығы 20 команда қатысқан. Бірінші айналымнан сүрінбей өткен 10 команда енді кезекті сында бақ сынады. Оның ішінде солтүстікқазақстандық құрама да бар. Мұндай өнер додасы облыс орталығында 1 ай ішінде 2 рет ұйымдастырылды.
СНХ: АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ, МЕГА – ЖОБАНЫҢ АВТОРЫ
Мега жобада әділ қазылар алқасын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман бастады. Айта кетейік, Наурыз айында өткен жыр додасында солтүстікқазақстандық команда Шығыс Қазақстан құрамасымен сынға түсіп, оза шапқан болатын. Ендігі қарсыластары Астанадан келген өнерпаздар мен ақындар болды. Елордалық команданы елімізге белгілі айтыскер Серікзат Дүйсенғазы бастап келді.
СНХ: СЕРІКЗАТ ДҮЙСЕНҒАЗЫ , АСТАНА КОМАНДАСЫНЫҢ КАПИТАНЫ
Республикалық командалық сайыста өнердің бес бағыты бірдей тоғысты. Киелі сахна төрінде қазақтың домбырасымен күмбірлете күй шертіліп, дәстүрлі ән мен жырдан шашу шашылды. Осылайша, өнерпаздар дүбірлі доданы дүбірлетіп, көрерменнің делебесін қоздырды.
Ал, орақ тілді ақындар болса қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғап, Солтүстікқазақстандық Ұлы тұлғалар жөнінде сөз етті. Бір-біріне қағытпа қалжындар айтып, суырыпсалмалықтың саңлақтары екендерін көрерменге тағы бір дәлелдеді. Өнер бәйгесінде айтыскерлер «түре», «сүре», «қайым» және «қыз бен жігіт айтысы» жанрлары бойынша сынға түсті. «Сүре» айтыста өңір намысын Хавдолла Бейсхан қорғады.
СНХ: ХАВДОЛЛА БЕЙСХАН, АЙТЫСКЕР АҚЫН
Ең қызығы, сайыс соңында екі құрама да бірдей оза шауып, тең түсті. Сондықтан, әділ қазылар алқасының шешімі бойынша айтыскерлер арасында «Құлмамбет айтыс» ұйымдастырылды. Бұл кезеңде екі команданың да ақындары ортаға шығып, тартысқа түсті.
Доданың қорытындысы бойынша Астана қаласының командасы бас жүлдені жеңіп алып, келесі кезеңге өтті. Өнер бәйгесінде әр ақынға – 500 мың теңгеден, ал жыршы, термеші, дәстүрлі әнші және күйшілерге 250 мың теңгеден берілді. Айта кетейік, республикалық командалық айтыстың жартылай финалы 2-3 мамыр күндері Астана қаласында өтеді.