Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов азаматтарды қабылдады. Өңір тұрғындары жер телімдерін беру, апатты тұрғын үй және мүгедектігі бар кәсіпкерлерді қолдау сияқты мәселермен жүгінді.
Қабылдауға келгендердің бірі - Әбілдә Әбдікәрімов болды. Ол жергілікті атқарушы органдардан мүгедектігі бар адамдардың еңбек жағдайын жақсартуға және кәсіпкерлігін қолдауға 500 млн теңге көлемінде қаражат бөлуді өтінді.
ӘБІЛДӘ ӘБДІКӘРІМОВ, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:
- Біз нысандарды, керекті заттарды, жабдықтарды сатып алу үшін бюджетке ақша салғымыз келеді. Кейіннен жаңа жұмыс орындарын ашып, мүгедектігі бар адамдардың да қызмет етуіне мүмкіндік жасағымыз келеді.
Өңір басшысы жауапты қызметкерлерге бұл мәселені кеңінен зерттеп, тиісті шешім қабылдауды тапсырды.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
- Мен бұл өтінішті қарастыруды қаржы басқармасына және мәслихатқа тапсырамын. Бизнесті дамытуға 500 млн теңге бөлу жағын қарастырыңыздар. Сонда ол азаматтар да осындай қолдаудың арқасында жеке кәсіпкерлігін аша алады деп ойлаймын.
Келесі мәселе – жер учаскелерін бөлу кезінде заңнамадағы нормалардың бұзылуына байланысты болды. Кәсіпкер Дамир Мамедовтың айтуынша, әкімдіктегілер оның автотұраққа арналған орнын басқа біреуге берген.
ДАМИР МАМЕДОВ, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:
- Менде асхана, мейрамхана, көлік жуу орталығы бар. Және жоба бойынша көлік тұрағы үшін орын қалдырғанмын. Бірақ, әкімдік Мемлекеттік қажеттілік үшін, жолды кеңейтеміз деп автотұраққа арналған жерді алып қойды. Алайда, ол орынды басқа азаматқа берген. Ал, маған оң жақтан аумақ береміз деп уәде еткен еді.
Бұл мәселе бойынша сот өтіп, шешімі шығарылған. Бірақ, шешімді қайта қарауға ұсына алады. Ал, жергілікті атқарушы органдар көмектесе алмайтынын айтты.
Петропавл тұрғыны Жақсылық Антаев ауыл шаруашылығымен айналысқысы келеді. Ол мал өсіру үшін Ғ. Мүсірепов атындағы ауданнан жер телімін алғысы келеді. Оның мәселесі оң шешілді. Ер адам алдағы уақытта қажетті құжаттарын жинап, конкурсқа қатысады. Бұл күні әкімнің қабылдауына апатты тұрғын үй мәселесімен де келді.
ТАМАРА ВОРОНА, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:
- Жағдайымыз күрделене түсті. Үйдің қабырғасы құлады. Қазіргі уақытта ешқандай тіректер көмектеспейді. Барлығы қирап қалуға шақ тұр.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
- Тұрғын үй туралы Заңға сәйкес, бұл сіздің баспанаңыз және сіздің жауапкершілігіңіз.Сіз қайтадан тіректер қоя аласыз немесе жаңа баспана сатып ала аласыз. Біз қандай көмек бере аламыз?
Отбасы банк өкілдерінің айтуынша, Петропавл тұрғыны баспана алу конкурсына қатыса алады. Алайда, зейнеттегі адамдарға несие берілмейді. Тек толық төлем жасап қана сатып алады. Немесе жер учаскесін сату арқылы, бірбөлмелі пәтерге ие болады. Өңір басшысы зейнеткерге осы нұсқаны қарастыруды ұсынды.