Өңір тұрғыны Александр Рожков оннан астам құстың түрін өсіреді. Қызылжар ауданы Архангельское елді мекенінде тұратын оның қорасында тауыс, қырғауыл мен көгершіндердің түр-түрін көруге болады. 12 жыл бұрын физика пәнінің мұғалімі кәсібін сүйікті ісіне айырбастаған. Ауыл тұрғынының зообағында әріптесім Эльмира Кәленова саяхаттап келді.


Александр Рожков қанаттылардың қыр-сырын бес саусақтай біледі. Күтімі келіскендіктен Отаны Африка мен Оңтүстік Азия елдері саналатын тауыстар Қызылжардың қытымыр табиғатына тез үйреніскен. Тіпті жұмыртқа салып, ұя басады.


ЭЛЬМИРА КӘЛЕНОВА, ТІЛШІ:

- Мынадай сары қырғауылдан негізінен Қытайдың таулы аймақтарында тіршілік етеді. Мына құстың жасы екіде. Ол азық талғамай, жей береді. Ал жаңа ортаға тез бейімделеді.


Құсшының коллекциясында қырғауылдардың бірнеше түрі бар. Ең арзанын 10, ең қымбатын 250 мың теңгеге сатып алған. Сауданы көбіне интернет арқылы жасайтынын айтады. Ал құстарға арналған торларды өзі істейді.


АЛЕКСАНДР РОЖКОВ, КОЛЛЕКЦИОНЕР:

- Бұл құлақты көк қырғауыл. Басқалары сияқты агрессия танытпайды. Жеміс-көкөніс қалдықтарын жақсы көреді. Қыстың суығында тоңбайды. Құстарды өсіру үшін көп білім керек. Үнемі түрлі әдебиеттер оқимын. Бұл менің сүйікті ісім. Әрі күні бойы қозғаласың. Денсаулыққа да өте пайдалы


Александр Викторович жазда бау-бақша егіп, ара өсіреді. Болашақта ауласындағы құстардың түрлерін арттыра түспек.