Албания астанасы Тирана қаласында олимпиадалық емес салмақтарда еркін күрестен әлем чемпионаты өтіп жатыр. Солтүстікқазақстандық балуан Нұрқожа Қайпанов байрақты бәсекеде чемпион атанды. Бірінші кезең 1:0 есебімен жапониялық спортшының пайдасына аяқталды. Екінші кезеңде Нұрқожа 3:1 есебімен алға шықты. Қорытынды есеп – 5:3. Осылайша, Қайпанов ел тарихында әлем чемпионы атанған екінші балуан.


Еркін күрестен екі дүркін Азия чемпионы Нұрқожа Қайпанов осыдан бес жыл бұрын Астанада өткен әлем біріншілігінде күміс жүлде алған еді. 70 келі салмақта сынға түскен отандасымыз алғашқы белдесуінде израильдік балуанды, екінші айналымда молдовалық балуанды тізе бүктірді. Ал ширек финалда грузиялық Акаки Кемертелидзені 12:2 есебімен, жартылай финалда Тәжікстанның намысын қорғайтын дағыстандық Абдужамид Кудиевті 13:2 есебімен жеңді.