Петропавл қаласында «Әртүрлі акварель» атты жыл сайынғы дәстүрлі көрме өз жұмысын бастады. Іс-шара Солтүстік Қазақстан облыстық бейнелеу өнері музейі алаңында өтуде. Көрмеге өңір суретшілерімен қатар, акварель техникасында жұмыс істейтін шетелдік авторлар да қатысуда. Биылғы экспозицияда 2025–2026 жылдардағы заманауи акварель өнерінің 48 туындысы ұсынылған.
Жұмыстар әртүрлі жанр мен стильде орындалып, авторлардың жеке қолтаңбасын айқындайды. Көрмеге қойылатын басты талап – акварель техникасының басымдығы, ал басқа материалдарды қолдану минималды деңгейде рұқсат етіледі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба акварель өнерін дамытуға және жас таланттардың есімін танытуға бағытталған.
ВЕРА ГОНЧАРОВА, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСТЫҚ БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІ МУЗЕЙІНІҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ
Экспозицияда жас суретшілердің де, тәжірибелі қылқалам шеберлерінің де туындылары ұсынылған. Сонымен қатар педагогтер мен білім алушылардың, түрлі мамандық иелерінің акварель бағытында орындалған жұмыстары қойылған. Барлығын біріктіретін ортақ құндылық – акварель өнеріне деген қызығушылық пен шығармашылық ізденіс.
ЕГОР ШИПИЛОВ, КӨРМЕГЕ ҚАТЫСУШЫ
Көрме өз жұмысын бастап, бір ай бойы келушілерге есігін айқара ашады. Осы уақыт аралығында қала тұрғындары мен қонақтары заманауи акварель өнерінің үздік туындыларымен таныса алады.