Ер қанаты - жылқы. Дегенмен бұл біздің арулар арғымақ-тұлпарлты ерттеп міне алмайды дегенді білдірмейді. Оған дәлел – петропавлдық Ирина Коротаева. Ол кезінде кәсіби шабандоз болса, қазір ат клубын ашып, шәкірт тәрбиелеп жатыр. Бейнесюжетке назар аударайық.


Ирина Коротаеваның әр күні жылқыларды жайлаудан басталады. Күтіміндегі түліктің қатарында асыл тұқымды сәйгүліктер де бар. Алғаш 7 жасында ат жалын тартып мінген ол өзінің ең алғаш тұлпар ерттеген сәтін толғаныспен еске алды.


ИРИНА КОРОТАЕВА, АТ КЛУБЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ:

- Атбегілік қанымда бар. атам жылқыны қатты жақсы көретін. Үлкендерге қарап біз де қамбар ата түлігіне жақын болып өстік. 13 жасымда спорттық мектепте оқыдым. Кейін Украинаға барып 3 жыл жатықтырушы мамандығы бойынша білім алдым. Сондай-ақ, Санкт-Петербургте ерекше балалармен жұмыс істедім. Араға уақыт салып, елге оралдым. Қазір осындамын. Атпен серуендегісі келетін тұрғындарды қабылдаймыз, балаларды шабандоздыққа үйретеміз.


 Иринаға шәкірті Екатерина қолғабыс етеді. 21 жастағы бойжеткен де ат құлағында ойнайды.


ЕКАТЕРИНА КВИТИНСКАЯ, ШАБАНДОЗ:

-  5 жылымды ат спортына арнадым. Жылқы ерекше жануар ғой, Олар бәрін түсінеді, өте сезімтал. Сондықтан осы мамандықты таңдадым. Өкінбеймін.


 Ирина Коротаева атбегілік пен жаттықтырушылықты қатар алып жүр. Ат спорты мектебінде 10 жыл еңбек еткен. Ол тұлпар мен шабандоз арасындағы байланыс бірден қалыптаса қоймайды - дейді. Әрине бұл ретте атқа деген қызығушылық маңызды. Бұл уақытты қажет етеді. Атқа мінуді кәсіби түрде меңгерудің де артықшылығы осында. Адамдар сияқты жылқы да бір-біріне ұқсамайды. Бірі шаң ілестірмес жүйрік болса, енді бірі төзімді. Сондықтан әрқайсын ерекше күтіп баптау керек.


АЙНҰР ДОСАН, ТІЛШІ:

Әр жылқының өз есімі бар. Мәселен, мына тұрған тұлпардың аты Браслет. Егер бұл үй жануарлары тек жем- шөппен азықтанады десеңіз қателесесіз. Біздің браслет алманы да ұнатады.


Ал мына «Тихон» есімді арғымаққа келушілер ерекше қызығушылық танытады. Көпшілік оның көз тойдырар мүсініне қарап тамсанады. Әдетте оны фотосессияларда мінеді.


ИРИНА КОРОТАЕВА: 

-  Енді ат қораны кеңейтпекпін. «Тихон», «Орлик», «Браслет», «Жер қуат». Әрқайсысы өзіндік ерекшелікке ие. 10 жасар «Орликті» көбінесе ұлттық нақыштағы түсірілімдерге шақырады. Көкшіл тұлпар болғасын, әдемі қазақ көйлектегі қыздардың ажарын аша түседі. Өте сабырлы, момын болғандықтан, «Браслетті» балалар қауымы жақсы көреді. Олардың негізгі қорегі – сұлы. Бірақ көкеністерді, оның ішінде алма мен сәбізді ұнатып жейтіндері де бар.


Қыл құйрықты жануарды үйретуге деген қызығушылық Иринаның қызына да дарыған. Ол осы сала бойынша спорт шеберлігіне үміткер, күйеу баласы да – күлік баптаумен кәсіби түрде айналысады. Немересінің де өзіне тиесілі жылқысы бар екен. Тұлпар өсірген отбасы қамбар ата түлігінің басын ары қарай да көбейтуді жоспарлап отыр.