Облыс аумағында қаңтар айының 14-нен бастап өрт қауіпсіздігі айлығы жарияланған. Ондағы мақсат – қызыл жалынның алдын алып, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Іс-шара аясында мамандар қаланы ғана емес, аудандарды да аралап жүр. Бұл жолы өрт сөндірушілер Есіл ауданында болды.


Өрт қаупінің алдын алуға арналған мұндай іс-шаралар тұрмыстық жағдайда туындайтын өрт санын қысқартуға, адам шығынын болдырмауға көмектеседі. Есіл ауданында рейдік іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. Мұнда жылу маусымы басталғалы қазыл жалын салдарынан 3 адам көз жұмған.


ЖҰЛДЫЗ ЕСЕНҒАЗИН, ЕСІЛ АУДАНДЫҚ ТЖ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ:

 – Жылу маусымы басталғалы Есіл ауданындағы тұрғын үй секторында 11 өрт тіркелді. Салдарынан 3 адам қаза тапты. Өткен жылдың желтоқсан айында Николаевка ауылында пештің дұрыс істемеуінен әйел көз жұмды. Биыл аудан орталығы Явленкада ауылында электр сымдарының қысқа тұйықталуы кесірінен өрт шығып, өкінішке қарай, екі қарт адам қаза тапты.


Өрт сөндіру қызметі, ішкі істер бөлімі, жастар ресурстық орталығының еріктілері мен «АМАНАТ» партиясының мүшелерінен құралған бірлескен топ өрттің алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Алдымен олар адам көп жиналатын орындарға барып, тұрғындарға жадынамалар таратты.


АЛЕКСАНДР ПОНЕВИН, «АМАНАТ» ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

- «Аманат» партиясы тұрғын үй секторларындағы өрттің алдын алуға белсенді атсалысады. Партия мүшелері төтенше жағдайлар қызметкерлерімен бірлесе отырып, тұрақты түрде тұрғындармен жиындар өткізеді. Рейдттер ұйымдастырылып, онда өрт қауіпсіздігінің негізгі ережелері түсіндіріледі. Бұл жұмысты алдағы уақытта да жалғастырамыз.


Ақпанның 2-сі күні Явленка ауылында тағы бір оқыс оқиға тіркелді. Елді мекен тұрғыны пештің мұржасын ерте жауып, салдарынан бүтін бір отбасыға иіс тиіп, уланып қалған. Қазір зардап шеккендер аудандық ауруханада жатыр.


ЕГОР ЯРОВОЙ, ЕСІЛ АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ ТЕРАПЕВТІ:

- Ақпанның 2-сі күні таңғы сағат 4:30 да ауруханамызға пештен иіс тиіп уланып қалған 3 адам келіп түсті. Оларға жедел түрде көмек көрсетілді. Қазір науқастардың денсаулығы бір қалыпты.


Тұрғындардың басым бөлігі пешке атүсті қарайды. Ал оның соңы кісі өліміне әкеледі. Сондықтан өрт сөндірушілер тұрғындардың рұқсатымен пештің мұржасын жабатын металл параққа бұрғымен арнайы тесіктер жасап жатыр. Бұл пеш мұржасын мерзімінен бұрын жабу кезінде қауіпті газдың үй ішіне тарамауына көмектеседі.