Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Целинное ауылы тұрғындары қаладағыдан кем тұрмайды. Ауылдағы үйлер орталықтандырылған жылыту және су желісіне қосылған. Жайлы тұрмыс үшін аса қажет дүкен, мектеп, балабақшадан бөлек заманауи дәрігерлік амбулатория да жұмыс істеп тұр. Елді мекеннің болашағы зор ауылдар қатарына кіруіне осындағы «Целинное -2004» ЖШС-нің үлесі зор.


«Целинное-2004» ЖШС өзі жұмыс істеп отырған ауылды дамыту үшін бар жағдай жасап отыр. Әсіресе, ауылдың кішкентай тұрғындарына ерекше көңіл бөледі. Мектеп пен балабақшада балаларын ыстық тамақпен өз есебінен қамтып отыр.


НҰРГҮЛ СӘУЛЕНБЕКОВА, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:

-  «Материалдық-техникалық база, парталар, орындықтар ауыстырылды. Музей ашылды. Балаларға хоккей ойнау үшін спорттық инвентарь сатып алынды. Бүкіл сайыстарға, олимпиадаларға көмек көрсетіп, көлік беріп балаларды апарып әкеліп жүр. »


 Сондай-ақ, елді мекенде ауыл тұрғындарының денсаулығына да ерекше көңіл бөлінген. Серіктестік есебінен заманауи дәрігерлік амбулатория салынды. Бүгінде онда 10 маман елді мекен тұрғындарына медициналық қызмет көрсетіп келеді.


ВАЛЕНТИН ШИЕНКО, АУЫЛДЫҚ ДӘРІГЕРЛІК АМБУЛАТОРИЯНЫҢ АҒА ДӘРІГЕРІ:

- «Бізде ЭКГ аппараты бар. Ол арқылы науқасты тексерістен өткіземіз. Инфарктың алдын аламыз деуге болады. Анықталған жағдайда кардиологиялық орталыққа жібереміз.»


Ауылда мәдени іс-шаралар да жиі өткізіледі. Яғни, жергілікті мәдениет үйінде түрлі тақырыпта концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады. Сонымен қатар, елді мекенде пошта да жұмыс істейді. Онда жергілікті тұрғындарға интернет-дүкендерден тапсырыс берілген тауарларды алуға, шоттарды төлеуге мүмкіндік жасалған. Ал кітапхана қорында 10 мыңнан астам кітап бар екен.


МАРИНА МУЗАФАРОВА КІТАПХАНАШЫ:

-  «Кітапхана ақпараттық-түсіндіру және демалыс орталығына айналды десем қателеспегенім. Мұнда келген әр оқырман қалаған кітабын алып, оқи алады. Түрлі кештер де өткізіп тұрамыз.»


Целинное елдімекені тұрғындарының айтуынша, осылайша қаладағыдан кем емес жағдай жасалса, картадан ешқандай елді мекен жойылмас еді. Керісінше, өсіп-өркендейді.