Шайбалы хоккейден ел біріншілігі аясында жергілікті «Qulager» хоккей клубы өз алаңында «Номад» құрама командасын қабылдады. Алғашқы ойында жеңіске жеткен солтүстікқазақстандық ұжым қарымта кездесуде есе жіберді.


Ойын басталысымен-ақ «Номад» хоккей клубы алға ұмтылып, жергілікті имек таяқ шеберлерін қыспаққа алды. Бірінші кезеңнің 2-ші минутында қонақтар әдемі шабуыл ұйымдастырып, шайба соқты. Астаналықтар мұнымен тоқтап қалмай, араға бір минут уақыт салып, есепті еселеді. Жерлестеріміз жеңіске жету үшін бар күшін салып, екі шайба салса да, нәтиже бермеді. Қорытынды есеп – 2-4. Осы кездесудің қорытындысы бойынша «Qulager» хоккей клубы турнирлік кестеде 8 орынға жайғасты. Енді келесі кездесуін солтүстікқазақстан ұжым өз алаңында «Бейбарыс» хоккей клубына қарсы өткізеді. Айта кетейік, ертең яғни ақпанның 2-сі күні «Qulager» құрама командасының жастары Александр Винокуров спорт сарайында «Горняк» клубымен кездеседі. Матч сағат 4-те басталады.