Ауылдарды дамыту, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, агроөнеркәсіптік кешенді дамыта отыра ауыл тұрғындарының табысын арттыру. Бұл - 2023-2027 жылдарға арналған ауылдық аумақтарды дамытудың тұжырымдамасында көрсетілген негізгі бағыттар. Облысқа жұмыс сапарымен келген ҚР Ұлттық экономика вице-министрі бірқатар нысанды аралады, жұртшылықпен кездесіп, елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарымен таныстырды. Әріптесім Майгүл Сейілбектің бейнематериалында.


Ет және сүт өнімдерін өндіру, асыл тұқымды сиыр басын көбейту, өсімдік шаруашылығын дамыту бойынша ауқымды да әртараптандырылған жұмысты жүзеге асырған «Зенченко и К» КС-ін бүгінде облыс аумағында ғана емес, алыс-жақын шетелде де жақсы біледі. Кәсіпорын өндіретін май, сүт, айран секілді сүт тағамдары әр шаңырақтың дастарханынан табылады. ҚР ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков Қызылжар ауданы Новоникольск ауылында орналасқан «Зенченко и К» КС-нің тыныс-тіршілігімен танысты. Серіктестік 1991-ші жылдан осы күнге дейін мал басын 13,5 мыңға дейін көбейтті. Бастапқыда 4 мың 200 тонна сүт өндірілсе, қазіргі кезде бұл көрсеткіш 37 мың тонна шамасында. Етті өндіру де үш есеге артып 1 800 тоннаға жеткен. Бүгінде шаруашылықтың иелігінде 7 сүт-тауар фермасы бар. Соның ең үлкені яғни 2500 басқа шақталған кешен осы ауылда орналасқан.


ИВАН ЗЕНЧЕНКО, « ИВАН ЗЕНЧЕНКО» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

- Сиырлар күніне 3 рет сауылады. Тәулігіне 55 тонна сүт аламыз. Оның барлығы зауытқа жеткізіледі. Командиттік серіктестіктің иелігінде 7 сүт-тауарлы ферма бар. Шаруашылықта барлығы 750 адам еңбек етеді. Басты міндетіміз- ауыл әлеуетін көтеріп, халықтың тұрмысын арттыру. Тұрғындардың барлығы да жұмыспен қамтылған. Жалақылары уақытылы төленеді. Елді мекенде әлеуметтік маңызы бар нысандар да бой көтеруде.


Серіктестік Новоникольск ауылының тұрғындарының жағдайын жасап отыр. Ауыл ішілік жолдар жөнделіп, жарықтандыру, орталықтандырылған су мен жылу жүйесіне қосылу сынды мәселелер шешілді. Жаңа үйлер салынып, мектеп пен мәдениет үйінде күрделі жөндеу жүргізілді. Хоккей корты, бассейн, балабақшалар мен фельдшерлік-акушерлік пункт және басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандар бой көтерді. Жақын уақытта «Ажар» бөбекжай-бақшасы кеңейтіліп, жаңа корпус ашылмақ. Бұл жерде 95 бүлдіршін тәрбиеленбек. Оның құрылысына КС 144 млн теңге бөлген. Мұнымен қоса 120 бала білім алып жатқан Геннадий Зенченко атындағы орта мектепте күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 87 млн теңге бағыттаған.


ВИКТОР ВЫСОЦКИЙ, Г.ЗЕНЧЕНКО АТЫНДАҒЫ НОВОНИКОЛЬСК ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

-  Оқушылардың барлығы да тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Жылда серіктестік бұл мақсатқа 22 млн теңге бөледі. Оның үстіне 2020-шы жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, еден, шатыр ауыстырылып, жаңа терезелер мен есіктер қойылды.


 Кейін ұлттық экономика вице-министрі ауыл тұрғындарының қатысуымен өткен семинарға қатысты. Жиын барысында Бауыржан Омарбеков халыққа 2023-2027-ші жылдарға арналған ауылдық аумақтарды дамытудың тұжырымдамасының негізгі мақсаты туралы айтып берді.Оның аясында ауылдық аумақтарда әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, кәсіпкерлік арқылы ауыл тұрғындарының табысын арттыру жоспарлануда.


БАУЫРЖАН ОМАРБЕКОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

-  Өкінішке қарай СҚО-да жойылып кеткен ауылдардың саны өте көп. Соңғы 15 жылда 104 елді мекен жойылып кеткен. Мұндай жағдайларды болдырмау мақсатында елімізде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы іске асырылуда. Ол да тұжырымдамаға міндетті түрде енеді. Алдағы уақытта осы бағдарламаны қаржыландыруды біз 2 есе көбейтпекпіз. Оған басты себеп - ауыл жолдарын жөндеп, жарық, таза ауыз су, байланыс, интернет тартуымыз қажет. Әлеуметтік маңызы бар нысандар саламыз. Жұмыс орындарын ашамыз.


 Жалпы, тұжырымдама әр бағытты жеке қамтып өтпек.2027-ші жылға дейін ауылдық аймақтарда жол, су, байланыс, апатты мектептер мен үш ауысым мәселесі шешіліп, ФАПтер, спорт және мәдениет нысандары салынып, жаңа жұмыс орындары ашылып халықтың тұрмысы жақсармақ.



Майгүл Сейілбек