Швецияның Эстерсунд қаласында парашаңғы жарысы мен парабиатлоннан өткен әлем чемпионатында алтыннан алқа тағынған жерлесіміз Ербол Хамитов елге оралды. Спортшыны жақындары, жанкүйерлері мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері қарсы алып, баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды.


 Қаңтардың 21-і мен 29-ы аралығында Швецияның Эстерсунд қаласында парашаңғы жарысы мен парабиатлоннан өткен әлем чемпионатында өнер көрсеткен ұлттық құрама мүшелері елге оралды. Чемпионатта табысты нәтиже көрсетіп, алтын және қос қола медальді еншілеген жерлесіміз Ербол Хамитовқа деген жанкүйерлердің ризашылығы ерекше. Спортшыны облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Сергей Мелехов құттықтады. Сондай-ақ, әлем чемпионын анасы Ғалия Хамитова да қарсы алды. Ол өз кезегінде баласына қолдау көрсеткен жандарға алғысын білдірді.


ҒАЛИЯ ХАМИТОВА , Е.ХАМИТОВТЫҢ АНАСЫ:

-  «Өте ризамын. Ерболымның бірінші орын алып жатқанына. Швецияны шулатып, Қазақстынның көк туын желбіреткеніне. Мен өзімді бақытты деп санаймын. Барлықтарыңызға көп көп рахмет. Поддержка беріп жатсыздар. Балама өте ризамын.»


 Ербол Хамитов жанкүйерлерге қолтаңба бергеннен кейін, баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Ең алдымен шаңғышы әлем чемпионатының қалай өткендігі туралы айтып, жарыста қолданған тактикалары туралы баяндап берді.


ЕРБОЛ ХАМИТОВ, ПАРАШАҢҒЫДАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ:

-  «Әлем чемпионаты жоғары деңгейде өтті. Жарыс барысында бапкерімнің құрған тактикасы бойынша әрекет еттім. Ең алдымен алдымызда іріктеу кезеңін сәтті өткеру мақсаты тұрды. Кейін жартылай финалда үштікке ілінсек те жеткілікті еді. Яғни біз бар күшімізді финалға сақтадық. Финалда украиналық спортшының артынан еріп отырдым. Мәре сызығы жақындаған сәтте қарқынды үдеттім.»


Спортшының айтуынша әлем біріншілігіне дайындық барысында сырқаттанып, бірқатар қиындықтарға тап болған.


 ЕРБОЛ ХАМИТОВ, ПАРАШАҢҒЫДАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ:

-  «Швециядағы климатқа бейімделу үшін 7 қаңтар күні оқу жаттығу жиындарына аттандық. Осы аралықта кей спортшылар аздап сырқаттанып қалды. Олардың қатарында мен де болдым. Бірақ білікті дәрігерлер қатарымыздан табылды. Барлығы жоспар бойынша жүзеге асты. Бұл менің ғана емес, толық ұжымның жеңісі деп санаймын.»


 Енді ұлттық құрама мүшелері ақпан айының соңында АҚШ-та өтетін әлем кубогының шешуші кезеңіне дайындықты бастамақ.



Әміре Ақбатай