Петропавлда М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан және Аризона университеттерінің басшылық құрамы кездесті. Жиынға қала мектептерінде оқитын 200-ден астам оқушы да қатысты. Іс-шараның мақсаты - болашақ мектеп түлектерін ЖОО-дарының жаңа оқу бағдарламаларымен таныстыру.


 Америкалық ЖОО – 138 жылдық тарихы бар мемлекеттік зерттеу университеті. Бүгінде жергілікті Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан және Аризона университеттері арасында қосдипломдық білім беру жүйесі жұмыс істейді. Бағдарламаның басты ерекшелігі – студент тек екі диплом алып қоймай, соңғы оқу жылының бір семестрін Америкада өткізе алады. Қалалық №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің 11- сынып оқушысы Жанару Шалқарованың айтуынша бұл болашақ студенттер үшін үлкен мүмкіндік.


ЖАНАРУ ШАЛҚАРОВА, №17 ҰЛТТЫҚ ӨРКЕНДЕУ ОРТА МЕКТЕП-КЕШЕНІНІҢ ОҚУШЫСЫ:

-  Көп жастар осы университет арқылы өздерін дамыта алады деген үміттемін.  көптеген артықшылықтар бар. Мысалы біріншіден жастар дамиды. Басқа елдердің қалай білім алып жатқандығын, сапасын біле алады. Менің ойымша  және де жас мамандар көп болады. 


Жиынға келгендер қатарында Аризона университетінің білім беру колледжі деканы – Роберт Берри де бар. Басшылық құрамның Қазақстанға келудегі басты себептерінің бірі - қосдипломдық бағдарламаға педагогикалық бағыттардың қосылуы дейді ол.


РОБЕРТ БЕРРИ, АРИЗОНА УНИВЕРСИТЕТІНІҢ БІЛІМ БЕРУ КОЛЛЕДЖІ ДЕКАНЫ:

- Біздің сапарымыздың негізгі мақсаты - Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесін тереңірек түсініп, оқу процесі қалай жүргізіліп жатқанын көру болатын. Сондай-ақ, ЖОО-дағы оқытушылардың дайындығын байқау. Петропавлдың бірнеше мектебінде болып қайттық. Маған ұстаздардың оқу бағдарламасы мен оқушылардың оған деген көзқарасы қызық болды. Атап өту керек, біз тек оқушылармен ғана емес, студенттермен де кездестік. Олардың қатарында қосдипломды және қазақстандық бағдарламамен білім алып жатқандар болды.


 Еске сала кетейік Қозыбаев университеті қосдипломдық бағдарламаны өткен жылы іске қосқан. Қазір бұл бағытта 44 студент білім алуда.