«Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полицейлер мас такси жүргізушісін тоқтатты. Жалпы 4 күн ішінде қоғамдық көлік жүргізушілері 400 ден астам заң бұзушылыққа жол берген. Облыстық полиция ведомствосының баспасөз қызметі дайындаған материалға назар аударайық.


 Жолаушыларды тасымалдау қауіпсіздігі – солтүстікқазақстандық полицейлердің ерекше назарында. 5 желтоқсаннан бастау алған «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасының мақсаты — жол қауіпсіздігі деңгейін арттыру, жолаушылар мен жүк тасымалдауды реттеу, жолаушылар көлігінде апаттылықты төмендету, мектеп оқушыларын тасымалдауды ұйымдастыруда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Жұмыс Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитетінің аумақтық инспекциясымен бірлесе жүргізілуде. Қоғамдық көліктің техникалық жағдайына аса мән беріледі.


 Полицейлер 7 желтоқсанға қараған түні Жамбыл ауданында такси белгісі бар «Skoda» автокөлігін тексеру үшін тоқтатқан. Жүргізушіден алкоголь иісі шығып тұрған. Медициналық куәландыру оның мас екендігін көрсетті. 43 жастағы ер адам 15 тәулікке қамауға алу түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, сондай-ақ ол 7 жылға басқару құқығынан айырылды.


 Баян Байғаскина, СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы:

- Облыс аумағында ағымдағы жылғы желтоқсанның 5-не 11-не дейінгі аралықта «Автобус» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы жүргізілуде. Аталған іс-шараны жүргізу барысында полиция қызметкерлерімен жолаушыларды тасымалдайтын көліктердің техникалық және санитарлық жағдайы тексерілуде.


 Жедел-профилактикалық іс-шараның 4 күні ішінде барлығы қоғамдық көлік жүргізушілерінің тарапынан төрт жүзден астам түрлі заң бұзушылық анықталды. Маневр жасау қағидаларын бұзу мен рөлде келе жатып телефон қолдану фактілері басым. Техникалық тексерістен өтпей, көлік құралдарын басқарғаны үшін 28, заңсыз қайта жабдықтағаны үшін 7 жүргізуші жазаға тартылды. Автобустың біреуін пайдалануға тыйым салынды. Автобус паркінің 2 лауазымды тұлғасы жауапкершілікке тартылды.