Петропавл жылу орталығының мамандары қыстың қақаған аязына қарамастан жекелеген учаскелердегі құбырларды ауыстырып жатыр. Қаладағы 270 шақырым желінің 70 пайыздан астамы тозып тұр. Мамандардың айтуынша ескірген құбырлар кез келген уақытта жарылып кетуі мүмкін.


Мына құбырдың қашан тесілгені белгісіз. Мамандар жылу трассасының бойындағы ақауды арнайы қондырғылардың көмегімен осылай ағып жатқан судың дыбысы арқылы анықтайды.


ЭЛЬМИРА КӘЛЕНОВА, ТІЛШІ:

- Қыстың қамын жаз ойламаған компания аязда құбырларды ауыстыруға мәжбүр. Бұл жердегі жылу трассасының салынғанына 40 жылға жуықтап қалған. Әбден тозығы жеткен желі кез келген уақытта жарлып кетуі мүмкін еді.


Облыс орталығында кезек күттірмей ауыстыруды талап ететін желі көп. Коммуналдық компания өкілдерінің айтуынша жөндеу жұмыстары қыс бойы жалғасуы мүмкін.


 АЛЕКСЕЙ ХОМЕНКО, «ПЕТРОПАВЛ ЖЫЛУ ЖЕЛІЛЕРІ» ЖШС ӨКІЛІ:

- Жерасты суының деңгейі жоғары. Сондықтар құбыр тез шіриді. Ол жарылып кетсе, ыстық су атқылап, маңайдағы үйлерді басып қалады. Апаттың алтын-алу үшін желіні тексеріп, ақау бар жерлерді анықтап жатырмыз.


 Жөндеу жұмыстарына 2 бригада мен бірнеше арнайы көлік жұмылдырылды. 10 метр құбыр ауыстырылуы тиіс. Тұрғын үйлерге жылу беру тоқтатылған жоқ. Тек қысым азайтылды.


ЕЛЕНА СОПРЫГИНА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

-  Мына жол жақында ғана төселген болатын. Енді асфальтты қазып, құбырды ауыстырып жатыр. Керісінше жасауға болмас па еді? Бұл құбырлар шамамен 5 жыл бұрын ған жөнделген еді. Үнемі жолды бүлдіріп кетеді.


Биыл көктемде болған апатты қала тұрғындары ұмыта қойған жоқ. Жылу орталығындағы алып мұржа опырылып түсіп, тұтынушылар бірнеше күн бойы тоңып отырған еді. Кәсіпорынның салынғанына 60 жылдан асты. Содан бері құбырлар да күрделі жөндеу көрмеген.