Облыс әкімдігінде актив отырысы өтті. Жиында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жұртшылыққа Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің лауазымына жаңадан тағайындалған Айдарбек Сапаровты таныстырды. Сондай-ақ, Премьер-Министр өңір басшылығына экономикалық және әлеуметтік салаларды жан-жақты дамыту міндеттері тұрғанын атап өтті. Жыл сайын облыста әлеуметтік маңызы бар нысандар ашылып, жобаларды жүзеге асыруға қомақты қаржы құйылып келеді.


Атап айтқанда, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 3,3 мың оқушыға арналған 4 жаңа мектеп ашылмақ. Ауылдағы денсаулық сақтау саласын жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру аясында 46 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын салу және 1 аудандық аурухананы жаңарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, ауылдық елді мекендерде аграрлық сектордың инфрақұрылымын, кәсіпкерлікті дамыту және жалпы ауылда өмір сүру сапасын жақсарту жөнінде шаралар қабылданатын болады. Өз кезегінде облыс әкімі аталған мақсат-міндеттерді толығымен және сапалы іске асыруы қажет, - деді Әлихан Смайылов. Сонымен қатар, Үкімет басшысы жаңа инвестициялық жобалардың іске қосылуын бақылауда ұстап, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу, өңірдің энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымын дамыту жөнінде кешенді шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.