Петропавлдық полицейлер түн ортасында өртенген үйден тұрғындарды алып шығып, құтқарды. Олар оқиға орнына бірінші жетіп, жылдам әрекет етіп, қайғылы оқиғаға жол бермеді. Сонымен қатар, өмірлерін қатерге тіге отырып, газ баллонын да қаупісзі жерге шығарған.

 Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Әсет Сыздықов және Артем Маренков сол күні «Береке» ықшам ауданында патрульде  жүрген. Түн ортасында олар Волочаевский көшесіндегі жер үйден шығып жатқан түтінді байқаған.

 ӘСЕТ СЫЗДЫҚОВ, ПЕТРОПАВЛ Қ. ПБ ПАТРУЛЬДІК ПОЛИЦИЯ БАТАЛЬОНЫНЫҢ ИНСПЕКТОРЫ:
- Қалың түтінді байқап қалып, «102» нөміріне хабарласып баяндадық. Жедел кезекші Волочаевский көшесінде үйдің өртеніп жатқанын растады, біз дереу оқиға орнына жөнелдік.

 Полицейлер жеткенде ауладағы қора-қопсы өртке оранып, жалын үйдің шатырына ауысқан. Үйдің ішін түтін жайлап кеткен. Алдарынан шыққан  әйел баспананың  екінші қабатында күйеуінің қалғанын айтты. Ал, бірінші қабатта егде жастағы қозғалысы шектелген әйел болған. Түтінге тұншықса да Әсет Сыздықов ер адам мен әжейді, ал Артем Маренков жарылыс болмас үшін газ балонын көшеге алып шықты. Баллонды ажырату үшін смартфонындағы бейнекамера жарығын пайдаланыпты. Құтқару операциясының бір бөлігі бейнекамераға түсіп қалған.

 АРТЁМ МАРЕНКОВ, ПЕТРОПАВЛ Қ. ПБ ПАТРУЛЬДІК ПОЛИЦИЯ БАТАЛЬОНЫНЫҢ ИНСПЕКТОРЫ:
- Газ баллонын алып жатқан кезде әріптесім үйдің иесін шығарды, кейін қайта кіріп. Әжені қолына көтеріп шығарған.

 Бұл кезде өрт сөндірушілер де келіп жеткен. Өртті сөндіру кезінде полицейлер құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін үйдің қасында болған. Кейін кезекшілікке оралып, патрульдеуді жалғастырды. Олар өздерінің әрекетін ерлік деп санамайды. Полицейлер үшін адамдарға көмектесу – олардың негізгі міндеті.