Тимирязев ауданының тұрғындары елді мекенге келген өңір жетекшісі Құмар Ақсақаловқа көкейде жүрген мәселелерін жеткізді. Тұрғындардың айтуынша, ауданда таза су, жол мәселесі шешеілмеген. Кей әлеуметтік нысандарға күрделі жөндеу қажет. Аймақ басшысы елді мекендерді дамыту мақсатында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен жасасқан үш жақты меморандумның орындалу барысын көрді.

Облыс әкімімен кездесу өтеді дегенді естіген Дружба ауылының тұрғындары жиынға тайлы тұяғы қалмай келген. Мұндай мүмкіндік, айтуларынша, туа бермейді, сондықтан олар өңір жетекшісіне базыналарын айтып қалуға тырысты. Солардың бірі –мектептерінің жағдайы. Оқу ордасы жөндеуді қажет етеді. Нысанның шатыры, терезе мен жылыту жүйесін ауыстыруға 102 млн теңге керек. 

ТАМАША ШАЙМЕРДЕНОВА, ДРУЖБА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ, КӨПБАЛАЛЫ АНА:
- Облыста көптеген мектептердің жөнделіп жатқанын көріп жүрміз. Кезек бізге қашан жетеді? Ауылдағы білім ордасы ескірді. Біз балаларымыздың заманауи, жаңартылған, әдемі нысанда оқығанын қалаймыз. Сондықтан осы мәселе шешілсе жақсы болар еді.

 ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
-
Бүгіндері біз 2023 жылы жөнделуі тиіс нысандардың тізімін жасақтап жатырмыз. Сіздердің мектептеріңізді міндетті түрде қосамыз. Жалпы соңғы 3 жыл ішінде өңірде оқу ордалариының 70 пайызы қалыпқа келтірілді. Келер жылы Дружба мектебі де күрделі жөнделеді.  

Бүгіндері Тимирязев ауданында бірде-бір сүт фермасы жоқ. Осыны сынға алған аймақ басшысы, мұндай кәсіпорын ашылған жағдайда ауыл тұрғындарын жыл он екі ай жұмыспен қамтуға болатынын айтты. Яғни, осы іске қарқын қосу қажет. Кейін Құмар Ақсақалов аудан орталығындағы мәдениет үйіне соқты. Биыл мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Оған 107 млн теңге жұмсалған. 

 РАУШАН МЕДЕТОВА, ТИМИРЯЗЕВ АУДАНЫНЫҢ ІШКІ САЯСАТ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
-
Қазандық жөнделді. Өйткені, осыған дейін ғимарттың іші суық болатын. Енді қазір жылы. Соған тұрғындар өте қуанышты. Тағы нысанның шатыры мен қасбеті жаңартылды. Көрермендер залы қалыпқа келтірілді.

Нысанға заманауи тренажерлар алынып, кітапхана қоры жаңа кітаптармен толықты. Кейін облыс әкімі тимирязевтықтармен кездесіп, жағдайларын білді. Аға буын өкілдері аудан орталығына жаңа қазандық салу қажет дейді. 

 ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ,  СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
-
Қазандықты ескіргені көрініп тұр. Ол қатты қысымға да шыдас бермейді. Сондықтан келер жылы жаңасын салуды жоспарлайтын боламыз. Қазір бюджетті қарастырып, тиісті қаржы бөлеміз. Және құрылыс жұмсытары бір жыл ішінде аяқталуы тиіс. Көпке созудың қажеті жоқ.

Сондай-ақ, осы күні Құмар Ақсақалов Докучаево ауылына барып, тұрғындармен кездесті. Жыл соңында елді мекен халқы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылуы тиіс. Жұмыстар өткен жылы басталған. Бірақ тұрғындар шаруа аяқталмай қала ма деп алаңдайды. 

 ЕКАТЕРИНА ЕРОФЕЕВА, ДОКУЧАЕВО АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
- Іс өткен жылы басталса да қарқыны көңіл көншітпейді. Санация жұмыстары барлық ауыл ішіндегі су желілерінде жүргізілегінмен, шаруа толық аяқталған жоқ. Ал биыл мердігерлерді бір-екі рет болмаса, көрмедік те. Желтоқсан айында жоба аяқталуы тиіс. 

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
-
Осы жерге ауданның прокурорлары келді. Оларға жүргізілген жұмыстарды тексеріп, бақылауды тапсырамын. Шаруаны желтоқсанға дейін созбай жақын күндері аяқтаңыздар. Суықта суды жіберу қауіпті. Өйткені, желілер қатып қалуы мүмкін. Сондықтан жылы күндерді пайдаланып қалыңыздар. 

Докучаевтықтарды жол мәселесі де мазалайды. 2020 жылы ауылға дейінгі трассаның жартысы жөнделген. Ал қалғанына қаржы жетпей қалыпты. Бұл мәселені де бір жақты ету қажет деді тұрғындармен кездескен өңір жетекшісі.