Қызылжар ауданында ілкімді істер атқарылып жатыр. Биыл Прибрежное ауылдық округінің құрамындағы ауылдардың  инфрақұрылымы жақсарды. Жолдар жөнге келтіріліп, балаларға ойын алаңы және шағын футбол алаңы пайдалануға берілді. Арна тілшісі Нұрбол Балғабековтің бейнематериалын көрейік. 

 НҰРБОЛ БАЛҒАБЕКОВ, ТІЛШІ:
-
«Бұл Қызылжар ауданына қарасты Прибрежное ауылы. Мұндағы ауылішілік жол 80-ші жылдардан бері бірде бір рет жөндеу көрмеген. Биыл тұрғындардың өтініші ескеріліп, ауқымды жұмыс басталды. Оған жергілікті бюджеттен 143 миллион теңге бөлінген.»

 Зейнеп Таныбаеваның Прибрежное ауылында тұрып жатқанына 22 жыл. Айтуынша шұрық-тесік жолдар халықты әбден титықтатқан. Жолдың нашарлығынан қаладан қатынайтын қоғамдық көліктің өзі бұл көшемен әзер өтетін дейді зейнеткер. Елді мекеннің өткір мәселесіне көңіл бөліп, шешуге көмектескен жергілікті билік өкілдеріне бұқараның ризашылығы шексіз.

ЗЕЙНЕП ТАНЫБАЕВА, ПРИБРЕЖНОЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
- «Осы ауылдың тұрғындары өте риза. Қазір автобустар ешқандай қиындықсыз келіп жатыр. Биыл үлкен орталық көшені іске қосқан. Енді келесі Достық, Жұмабаев көшесін істемекші болып жатыр. Бұрын дәл осындай ауқымды жұмыстар жүргізілген жоқ. Осы биыл ғана бұл жұмыстар басталды. Бұрын ұсақ-түйек жұмыстар істелінетін. Абаттандыру, жарықтандыру деген сияқты. Ал мынандай жолдар осы бірінші рет жөнделіп отыр.»

 Бүгінде Прибрежное ауылында 1700-ге жуық үй түтін түтетіп отыр. Оның басым бөлігі қалаға барып жұмыс істейді. Ауылдық округ әкімі Дәурен Рамазановтың сөзіне қарағанда, барлық істелініп жатқан жұмыстар 2023 жылдың соңында аяқталмақ. Шаруаны «Элен-1» серіктестігі жүргізіп жатыр. 

ДӘУРЕН РАМАЗАНОВ, ПРИБРЕЖНОЕ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:
-
«Қазір 1,4 шақырым асфальт салынды. Тағы да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл бағдарлама екі жылға. Қаражат жетеді. 5 көшеде күрделі жөндеулер болады.»

 Жалпы Прибрежное ауылында атқарылып жатқан игі жұмыстар жетерлік. Биыл елді мекенде балаларға арналған ойын алаңы мен шағын футбол алаңы қолданысқа берілДІ. Бұл іске қазынадан 16 миллион теңге жұмсалған.

ЗЕЙНЕП ТАНЫБАЕВА, ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫ ПРИБРЕЖНОЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
-
«Жаз бойы каникул уақытында балалар сол спорт алаңына келіп, түрлі-түрлі ойындар ойнайды. Шынығады. Тіпті, жас ата-аналар да келеді. Соған әрине халық риза. Оған рахмет айту керек әрине. Қазір арнайы құрылғылар бар, арнайы футбол алаңы бар. Жарақаттанып қалмайды ғой әйтеуір.»

 НҰРБОЛ БАЛҒАБЕКОВ, ТІЛШІ:
-
«Шаховское елді мекенінде де көңіл көншітерлік жұмыстар атқарылып жатыр. Мұнда ауылға апаратын 12 шақырым жол күрделі жөндеуден өтуде. Жоба- екі жылдық. Сәтін салса, 2023 жылы аяқталады деп күтілуде.»

Бұл жұмыстарды екі серіктестік жүргізіп жатыр. Бұған дейін жол бірнеше рет жөндеуден өтіпті.  

ДӘУРЕН РАМАЗАНОВ, ПРИБРЕЖНОЕ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:
-
«2017 жылы ақша бөлінген. Бірақ, бұл ақша барлық күрделі жұмыс жасауға жеткен жоқ. Арақашықтықтары аз жерлерде жұмыс жасалынды. Бірақ күрделі биыл кірісіп жатыр. Шахавское ауылында 700-ге жуық адам тұрады. 70 % қалада жұмыс істейді. Келіп-кету нашарлаған. Сондықтан жол қажет болып, өңір басшысының қолдауымен осындай қажат бөлініп жатыр.»

 Мұхамедқайыр Жантасов облыс орталығынан Шаховское ауылына осыдан бір жарым жыл бұрын қоныс аударыпты. Сол уақыттан бері жол азабын көріп келеді. 

 МҰХАМЕДҚАЙЫР ЖАНТАСОВ, ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫ ШАХОВСКОЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
-
«Менің балаларым қонаққа келгісі келеді. Бірақ, келген сайын қиналып келеді. Бірақ көлік шыдас бермейді. 12 шақырым жолды шынын айтайын 1 сағат жүреміз. Ол асфальт болса 15 минут жұмыс. Жол жасалады дегенде осы ауылдың халқы қуанды. Менің жасым да келіп қалды. Мен осы жолды көрсем, бір 15 минуттың ішінде Петропавлда болсам, мен де қуанар едім.»

 Бұдан бөлек, Шаховское ауылында медициналық пункт күрделі жөндеуден өткен. Бұл жұмысты елдімекендегі «Крахмал агро» ЖШС облыстық әкімдікпен бекіткен меморандум аясында атқарды. Оған серіктестік басшысы 16 миллион теңге қаражат құйған. Осының арқасында ауыл тұрғындары сапалы медициналық көмек алып жатыр.