Өңірде әлі күнге дейін 12 көпқабатты үй жылусыз отыр. Олардың 6-уы Айыртау ауданының Саумалкөл ауылында орналасқан. Елді мекенде қазандықты бір-екі күнде іске қосу жоспарланған. Петропавлдағы 6 баспанада да жылу жоқ. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен жиында сөз болды. Әкімдік отырысында тұрғындарды жұмыспен қамту жайы да қозғалды. Тілшіміз тарқатады. 

 Жыл басталғалы 9370 солтүстікқазақстандық тұрақты жұмыспен қамтылған. Солардың 3 мыңы жаңадан құрылған өндіріс ошақтарында еңбек етуде. Бірақ кей аудандарда жұмыс орындарын құру ісі көңіл көншітпейді.  

 РИНАТ ЕЛЖАСОВ, СҚО ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫ ҮЙЛЕСТІРУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
-
2022 жылы өңірде 10582 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған болатын. Бүгіндері ол 88 пайызға орындалды. Десе де,  Айыртау, Жамбыл және Тайынша аудандарында жыл соңына дейін жоспар толық орындалмауы мүмкін. Бірақ олардың әлеуеті жоғары екендігін айта кету қажет. Жалпы мемлекет тарапынан тұрғындарды жұмыспен қамту үшін көптеген бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр.

 Осы ретте айта кеткен жөн, кей тұрғындар мемлекеттік грантты  алуын алып, міндеттерін орындамапты. Ондайлардың ісін майшаммен қарау керек деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.  

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
-
Грант алған 67 солтүстікқазақстандық уәдесінде тұрмай, істі аяғына дейін жеткізген жоқ. Сондықтан қаржыны берерде комиссия барлығын жақсылап қадағалауы тиіс. Ондай жағдайлар әсіресе, Есіл, Тимирязев, Мамлют, Ғ.Мүсірепов аудандары мен Петропавл қаласында көп кездеседі. Бүгіндері қаржыны қайтару бойынша іс сотқа дейін жеткен.

 Сондай-ақ, жиында экономиканың дамуына үлес қосып қана қоймай, еңбеккерлеріне жақсы жағдай жасап жүрген кәсіпорын басшылары да сөз алды. Бір қуантарлығы жыл өткен сайын олардың саны артып келеді. «Болмасаң да, ұқсап бақ» демекші, өңірде жұмыс істеп жатқан барлық мекемелер осындай деңгейге дейін ұмтылу қажет деді Құмар Ақсақалов. Кейін жиында жылыту маусымы жайлы да әңгіме қозғалды. Монополист компания өкілдері барлығы жақсы, жағдай бақылауда деп қысқа қайырды. Ал жауапты ведомстводағылар өңірде әлі жылусыз отырғандар бар дейді. 

 ПАВЕЛ ШИЛОВ, СҚО ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ - КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
-
Бүгіндері аймағымызда 12 көпқабатты тұрғын үй жылу желісіне қосылмаған. Олардың алтауы облыс орталығында болса, қалғаны Саумалкөл ауылында. Айыртау ауданы жайлы айтар болсақ, онда қазір жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазандықты бүгін-ертең іске қосу жоспарланған. 

 Ал Петропавлдағы жағдайды шаһар басшысы Руслан Аңбаев баяндады. Оның сөзінше, 2 баспана тұрғындары өздері жылыту жүйесіне қосылуға қарсылық білдірген. 

РУСЛАН АҢБАЕВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:
-
Шәжімбаев және Болатбаев көшесі бойындағы екі үйдің тұрғындары үнемдеу мақсатында осылай істеп отыр. Біз тұрғындармен кездесу өткіздік. Ал Крипичный көшесі бойындағы екі баспанада мүлік иелерінің бірлестігі жақында ғана құрылды. Қазір олар жеке шоттарын алып, 6 қазанға дейін жылыту жүйесіне қосылады. Ал Труд 5 және 7 мекен-жайларындағы үйлерге желілердегі апат салдырынан жылу берілген жоқ. Жұмыстар аяқталған соң оларды да қосатын боламыз.

 Жамбыл көшесі бойындағы 11, 36 және 40 үйлерде де шешімін күткен мәселе бар. Баспана иелерінің көпшлігі пәтерлерін жалға беріп қойған. Сондықтан монополист компанияларда жеке шоттарын ашуға асықпапты. Салдарынан нысанда ыстық су мен жылу жоқ. Шаһар басшысының сөзіне сенсек, қазір жағдай реттелген. Жиын соңында Құмар Ақсақалов жуырда қоғамда резонанс тудырған оқиғаға қатысты пікірін білдірді. Ол қалаға кіре берісте қайыңдарды отаған кәсіпкердің  ісіне қатысты жағдай. 

 ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
-
Бұл учаскені кәсіпкер 2007 жылы жол бойындағы сервис саламын деп сатып алған. Бірақ ешқандай жұмыстар жүргізілмегендіктен әкімдік ол жерді бірнеше рет қайтарып алмақ болған. Бұл жердегі ағаштарды кесуге болмайды. Оған бизнесмен рұқсат алмаған. Енді осыған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Келтірілген шығын 41 млн теңгені құрайды.

 Айта кеткен жөн, бір жыл бұрын ғана Қызылжар ауданында кәсіпкер рұқсат етілмеген жерде ағаштарды кесіп тастаған. Іс сотқа дейін жетсе де, бизнесмен әлі күнге дейін келтірген шығынды өтемеген. Сондықтан облыс әкімі жер учаскелерін тексеріп, жекенің қолына өтіп, қараусыз жатқандарын тәркілеу қажеттігін ескертті.