Өңірде кәмелет жасына толмаған 130 мың бала бар. МӘМС аясында оларға медициналық көмек тегін көрсетіледі. Биыл балаларға арналған алғашқы медициналық-санитарлық көмекке, консультациялар мен зертханалық зерттеу жүргізуге 8 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Облыстың кішкентай сырқаттарына дәрігерлік көмек қолжетімді ме?   Бейнематериалға назар аударайық.

№1 қалалық емханада 10 педиатриялық учаске бар. Мұнда барлығы 12 мыңға жуық балаға қызмет көрсетіледі. Әр учаскеде 3 маманнан еңбек етеді. Сондай-ақ, мамандандырылған көмек, әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімшесі мен клиникалық-диагностикалық зертхана жұмыс істейді.

АЙНҰР ӘБІЛ, №1 ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНАНЫҢ ПЕДИАТРИЯ УЧАСКЕЛЕРІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
- Бізде балалар шұғыл көмек ала алады. Олар - өкпе ауруы бар, температурасы жоғары ұл-қыздар. Сондай-ақ, жедел травмалық ақаулары бар балалар мен күйік алғандарға жедел түрде көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, бізде жоспарлы түрде ем алады. Ол қалай жүргізіледі? Жалпы тәжірибелі дәрігерлер балалардың ауру тарихына қарап, уақытылы анализ алып, керек кезде балалар ауруханасына жатқызады.

Бір жасқа толмаған нәрестелер айына бір рет профилактикалық тексеруден өтеді. 1-ші емханада дені сау бала кабинеті жұмыс істейді. Бұл медициналық мекемеге Жанна Темірғалиеваның 2 ұлы тіркелген. Үлкені 10 жаста болса, кішісі жасқа толмаған, он айлық.

ЖАННА ТЕМІРҒАЛИЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

- Біздің учаскелік дәрігеріміз - Айнұр Әбіл. Ол кісінің барлық кеңестеріне құлақ асамыз. Балаларым 18-ге толған жоқ. Сондықтан, олар медициналық көмекті тегін алады.

Ал облыстық көпбейінді балалар ауруханасы медициналық көмектің 15-тен астам түрін көрсетеді. Мекеме заманауи диагностикалық және емдеу жабдықтарымен қамтамасыз етілген. Жалпы, емдеу нысанында 12 бөлімше бар.

НҰРЛАН АЙМАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ КӨПБЕЙІНДІ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
- Біздің стационар 370 орынға шақталған. Бір жылда 10 мыңнан астам балаға көмек көрсетіледі. Ал күніне қабылдау бөлмесінде жүздеген бала қаралады. Олардың шамамен 20-50 стационарға жатқызылады.

Облыстық көпбейінді балалар ауруханасында 67 маман еңбек етеді. Келесі жылы тағы 18 дәрігер келеді деп жоспарланған. Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысында 130 мыңнан аса бала бар. МӘМС аясында балалар қандай медициналық көмек ала алады?

ЛАРИСА ГОРДЕЕВА, «ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ҚОРЫ» КЕАҚ СҚОФ ДИРЕКТОРЫ:
- Балаларға 18 жасқа дейін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын мемлекет төлейді. Осылайша, барлық балалар сақтандырылған болып саналады. Биыл біз балаларға арналған алғашқы медициналық-санитарлық көмекке, консультациялар мен зертханалық зерттеу жүргізуге 8 млрд теңгеден астам қаражат бөлдік.

Ағымдағы жылы МӘМС жүйесінде аудиториялық скрининг, 5 жасқа дейінгі балаларды профилактикалық тексеру мен мектеп медицинасы шеңберінде кәсіби тексеру жүргізу үшін 40 млрд теңге бөлу көзделген.